Мұсылмандық әдебімен реттелетін журналистика мен БАҚ жұмысы

16 мамыр 2025 320 0
Оқу режимі

Күмән жоқ, қазіргі кезде журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы маңызды бұрылыс кезеңінен өтіп жатыр. Бұл – ұлы журналистер ұрпағы қалыптастырған берік әрі этикалық негіздерге қауіп төндіретін кезең. Сондықтан біз іздейтін және аңсайтын кәсіби журналистиканы қайта қалпына келтіру үшін, ислам дінімен үйлесетін кейбір журналистік әдеп нормаларын атап өткеніміз жөн.

Бірінші әдеп – жаңалықтың шынайылығына көз жеткізу, растап алу.

Расталмаған ақпаратты қабылдамау – көреген көзқарас әрі дұрыс бағыт. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Егер бір бұзақы сендерге бір хабар келтірсе, анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (Хужурат сүресі, 6-аят).

Кей ғалымдар бұл аятты былай түсіндіреді: «Тексеру дегеніміз – хабардың шын болуын және ақиқатқа сәйкестігін анықтауға ұмтылу». Бұл жерде Алла Тағала бұзақының хабарын бірден жоққа шығаруды немесе оны мүлде қабылдамауды бұйырмаған, тек тексеруді бұйырған. Егер сырттай растайтын дәлелдер болса, ол хабарға сенуге болады.

Басқа тәпсір мамандары осы аяттың екі мағынаға нұсқайтынын айтады:
    1.    Егер бұзақы бір хабар әкелсе, оны тексеріп, рас-өтірігін ажырату міндет.
    2.    Бұл аяттың кері мағынасы – әділ адам хабар жеткізсе, оны тексеру қажет емес.

Сондай-ақ, білім тек сенімді адамдардан алынуы тиіс. Имам Мүслім «Сахих» кітабының кіріспесінде Ибн Сириннің мына сөзін келтіреді: «Бұл білім – дін. Діндеріңді кімнен алып жатқандарыңа қараңдар». Бұл сенімділікті екі жолмен тануға болады: көпшілік мойындауы арқылы немесе сенімді ғалымдардың мақұлдауы арқылы.

Екінші әдеп – журналист жамандықты, арсыздықты таратуға себепші болмауы керек.

Қоғамда арсыздық пен бұзақылықты тарату – үлкен күнә. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Шынында, иман келтіргендер арасында арсыздықтың таралуын қалайтындарға дүние мен ақыретте азап бар» (Нұр сүресі, 19-аят). Имам ар-Рази бұл аят жайлы «Мафатих әл-ғайб» атты кітабында былай дейді: «Бұл аяттың мазмұны жалпылама. Ол арсыздықты таратуды қалаған кез келген адамға қатысты. Аят тек Айша (р.а.) анамызға тіл тигізгендерге ғана емес, бүкіл мүміндерге қатысты». Ислам діні арсыздықты жасаушы мен оны таратушыны бірдей жауапкершілікке тартады. Имам Бухари «Әдеп әл-Муфрад» атты еңбегінде Әли ибн Әбу Талибтің мына сөзін келтіреді: «Арсыздықты айтушы мен оны таратушы күнәда бірдей». Ата ибн Әбу Рабах былай деген: «Кімде-кім арсыз хабарды таратса – ол жазалануға лайық, тіпті ол шындық болса да» (Ибн Әби Хатим риуаяты). Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім бір мұсылманға жала жауып, одан таза болса да, соны жерге кіргізетіндей етіп жаман атқа қалдырса, Алла Тағала оны Қиямет күні тозаққа жақындатады – айтқан сөзін дәлелдеп шықпайынша» (Табарәни жеткізген; «Мәжма аз-Зәуаид», 4/201).

Осылайша, арсыздықты тарату – қоғамға қауіп төндіретін ауыр қылмыс. Ислам шариғаты бұл істі ауыр күнә қатарына жатқызып, қатаң жаза белгілеген. Журналист мұндай әрекеттен алыс болып, қоғамға әділ әрі сенімді ақпарат таратумен айналысуы керек.

Абдулахад Сманов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Пікірлер Кіру