МІНЕЗДІҢ ЕҢ ЖАҚСЫСЫ - КӨРКЕМ МІНЕЗ

Мінез - адамға тән психологиялық һәм әлеуметтік құбылыс. " Жақсы мінез бен адамгершілік тоғысқан жерде парасат гүлдейді"- деген сыңайлы сөз бар. Ұмытпасам, Әл Фараби айтқан- ау деймін. Сонымен мінез дегеніміз не?
Оны психология, педагогика қарастыратыны белгілі. Философияға, діннің ахлақ іліміне де қатыстылығы бар. Мінез - адамның ішкі болмысының көрінісі, жақсы, жаман қасиеттерінің жиынтығы. Ол адамның темпераментінде, характерінде көрініс тауып жатады. Мінез сенің өмір сүру дағдың, әдетің, машығың, өзіңе және өзге ортаға деген қатынасың.
Тегінде Абайдың " Адам, адамнан ар- ұят, білім, мінезбен озбақ, одан басқамен артылдым деуі ақмақшылық" дегені тегін емес. Әрбір әдет пен дағды мінезге әсер етеді, соған сіңеді. Ол туралы данышпандардың бәрі айтқан. Мінез туа бітпейді, жүре қалыптасады. Ол сенің көрген- білгеніңнің, оқыған- түйгеніңнің нәтижесі. Қанмен келетін, яғни тектен дарыған мінез де болады.
Тегінде қазақтың " жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге" дегені сол. Мінез - әр алуан. Қыры көп, сыры беймағұлым, қитұрқы нәрсе. Сынаптай сырғып тұрады. Ойпыл- тойпыл. Бір қалыпты мінез үнемі бола бермесе керек. Ол не ашу болып сыртқа шығады, не сабыр болып іште тынады. Дұрысы мінездің бір қалыпты болмақтығы. Оған парасат, ұстам керек.
Мінездің ең жақсысы - көркем мінез. Ол - өнегелі тәрбиеден, өзін өзі жетілдіруден, имани ілімнен, биік адамшылықтан. Көңілінен көктемнің самалы есіп, жаныңа жаздың шуағын төгіп отыратын, айналасынан кісіліктің жұпары аңып отыратын адамдар болады. Ондайлар аз бірақ. Қазақ кесірлі адамды "ит мінез" деген. Әдет қылып алған әрбір нәрсе мінезге ауысқыш. Мінезге сіңгесін одан құтылу қиын.
Мінез түзелмейтін нәрсе емес. Түзелгісі келмейтіндердің жәй сылтауы. Оның түзелуі- тәрбиеден, тәлімнен. Жақсы мінез - кісіліктің, кішіктіктің белгісі. Жаман мінез - кесірліктің, менмендіктің көрінісі. Мінез сені айқындайды. Сен өскен ортаңды айқындайсың. " Көргенсіздің баласы- ай"- деген содан. Әсілі ізгі, шуақты, жайсаң, жақсы, көркем мінезді Құдай да жақсы көреді екен.
Ерболат БАЯТ