МЕЙІРІМ ТУРАЛЫ ӘФСАНА

18 маусым 2025 120 0
Оқу режимі

Таңғы суық қойны-қонышына дейін кіріп, өне бойын дірілдетіп барады. Газет сататын сары бала қатты тоңды. Қарны ашып, әлі бітті. Ол күніге газет сатып, көрші ауылдағы мектепке қатынап оқу үшін нәпәқа табатын. Өйткені, оның ауылындағы мектепте жоғарғы сыныптар жоқ болатын.

Аш өзегіне түсіп, сансыраған бала жақын маңдағы бір үйдің есігін қақты. Ұятты жинап қойып бір үзім нан болса да сұрап жемекші. Бірақ есікті ашқан кезде ол қысылып, тек су сұрайды.

Есік ашқан әйел баланың түріне қарап оның аш екенін бірден түсінді. Ол судың орнына бір стақан сүт әкеліп берді. Бала сүтті бір деммен сарқып ішті. Сосын:

- Сізге сүт үшін қанша төлеуім керек? – деп сұрайды.

- Қажет емес, – деді жылы жымиған әйел, – мені бала күнімнен жақсылық үшін ақы алмауға үйреткен.

- Ендеше... Сіз үшін үнемі дұға жасайын, – дейді бала үні шығар-шықпастан.

Үйден аулаққа кеткенде күш-қуаты артып, өзіне деген сенімі нығая түседі. Жалғыздың жары Құдай екенін мойындап, ең бір қиналған сәтте ол әрдайым көмектесетінін сезінеді.

Содан бері көп жыл өтеді. Бәрі өзгереді. Бір кездегі жас әйел қартайып, самайы ағарып, шау тартады. Дерт меңдеп, ауылдың дәрігерінен еш сеп болмайды. Оны қаладағы ауруханаға ауыстырады. Сонда да дерттің себебін ешкім таба алмайды. Ең соңында атақты бір ғалымды шақырады.

Сол атақты ғалым әйелдің қайдан екенін білген соң дереу жетеді. Бұл баяғы газет сатып, күнін көрген аш бала еді. Ол әйелді танып қояды. Оған көмектесу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Ем ұзаққа созылады. Бірақ сол дәрігердің арқасында қарт ана жазылып шығады.

Ем біткен соң дәрігер сол кейуананың емделу ақысын алдымен өзі көргісі келетінін айтады. Төлемақыны көрген дәрігер оның үстіне бірдеңе жазады да, оны әйелге апарып беруді өтінеді.

Кейуана төлемақыны күтіп мазасызданады. Бұл ем тым қымбатқа шыққанын іштей есептеп, бар жиған тергенін сату керектігін түсінеді.

Оған төлемақыны әкелгенде, ол Аллаға сыйынып отырған еді. Төлемақыға мұқият қарап отырып, сандардың үстінен жазылған жазуды оқиды. «Төлемақы бір стақан сүтпен төленген» деп дәрігер қолын қойыпты.

Кейуананың көңілі босап, көз жасын сығып алады. Баяғыдағы аш бала мен оған берген бір стақан сүт есіне түседі.

Мораль.

Жүрегіңіз сүйіспеншілік пен мейірімнің құтты мекені болғай! Оны айналаңыздағы жақындарыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз. Бір қарағанда әлем қатыгез әрі аяр болып көрінеді. Бірақ бұл тек бір қарағанға ғана. Егер сол әлемге Сіз мейірім мен махаббат сыйласаңыз, онда сол әлемнен он еселеп қайтарым аласыз.

Әлем деген ол сіздің жүрегіңіздің түбіндегі сарқылмайтын мейірім шуағы.

Аударған Шынар Әбілдә

 

Пікірлер Кіру