ХӘЗІРЕТІ СИРРИ САКАТИ

08 сәуір 2025 519 0
Оқу режимі

Бірде Сакати уағыз айтып отырғанында, оны тыңдауға барлық сән-салтанатымен халиф келіпті. Сол кезде Сакати:

 “Бүкіл жаратылыстардың ішінде ең асылы адам баласы, ол Құдайдың ең сүйіктісі бола тұра, қаншама күнә істейді,”-дейді. Сарайына оралған халиф Құдайдан қорыққанынан түнді ұйқысыз өткізеді. Келесі күні ол жылтырақ шапапнын тастап, иығына жамылғысын орап, дәруіштер құсап, Сакатиге келіп өтініш жасады. Халиф уағызыңды тыңдаған соң дүние істерінен бас тартып, оңашалана бергім келеді, рухани тез жетілетін жолды айт деді. Сирри Сакати оған тек екі жол бар: оның біреуі Киелі Кітапта көрсетілген. Ол бойынша үнемі Құран аяттарын оқып, оны қайталап отырады, күніне бес уақыт намаз оқиды, кедей-кепшікке зекет-садақасын береді, т.б. діни амалдар жасайды. Екінші жол қысқарақ және әлдеқайда пайдалы: барлық дүние ісінен бас тартып, уақытының бәрін ғибадатқа арнау, басқалардан ешнәрсе сұрамау, адамдардан ештеңе алмау, Құдай басқа салған нәрселерді қабылдамау және дұға жасап, қажетін тек бір Алладан ғана сұрау.

Бұл насихатты тыңдаған халиф шөл далаға кетіп қалды. Біраз күннен соң халифтың анасы Сакатиге келіп, оның сөздерін естіген ұлы дәруішке айналып кеткенін, қазір оның қайда екенін ешкім білмейді,-деп шағым айтты. Сакати ол кісіге уайымдамаңыз, ол аман-есен оралады деп жұбатты.

Біраз уақыттан соң халиф-дәруіш Сакатиге келгенінде ол бір шәкіртін халифтың анасына, әйелі мен бала-шағасын шақыртуға жіберді. Халифты көрген олар отбасыңа орал деп жалбарынып жылады. Ол әңгімеден бас тартып, кетпек болды. Әйелі сол кезде оған ұлыңды өзіңмен бірге алып кет деді. Халиф ұлының үстіндегі бай киімін шешіп, оны жүн киімге киіндірді. Ұлының мына хәлін көрген әйелі оны аяп кетіп, ұлын қайтып өзі алды да, үшеуі сарайына оралды, ал халиф - тауға қарай кетті. Бірнеше күннен соң Сакатиге бір адам келіп, көп ұзамай халиф-дәруіш өледі, сондықтан сізді шақыруда деді. Сакати мазарға барғанында, жерде жатқан халиф-дәруішті көреді. Сакати оның жанына жерге отырып, оның басын көтерді. Халиф оған:

“Сәл кешігіп қалдың,”-деді да Құдайдың есімін аузына алып, жүріп кетті. Сакати оны жерлеуге қажетті заттарды алып келмек боп, ауылға қарай аттанды. Оған қарама-қарсы пәленбай адам келе жатыр екен. Олар қабірге қарай асығыс келе жатыр, қолдарында жерлеуге қажетті саймандары бар. Олар Сакатиге Құдайдың Әуезі бізге мазарға барып, қазір ғана дүниеден өткен Менің ең сүйікті досымды жерлеңдер деп тапсырды деп түсіндірді.

Фариддин Аттардың "Тазкират ул-аулмя" кітабынан

аударған Жүрсін Кәрім

 

Пікірлер Кіру