ДҮНИЕНІҢ ЕҢ АБЗАЛ КҮНДЕРІ

Егер Рамазан айының соңғы он түні – дүниенің ең қасиетті түндері болса, онда Зүлхижжә айының алғашқы он күні – дүниенің ең абзал, ең берекелі күндері. Осы берекелі күндер мен қасиетті сәттерді тиімді пайдалануға ең лайықты үмбет – бізбіз. Өйткені біз – өмір жасы ең қысқа үмбетпіз. Бірақ, Ұлы Раббымыз бізге ерекше мейірім жасап, құлдарының амалдарын еселеп сауапқа айналдыратын қасиетті мекендер мен берекелі мезгілдер сыйлады. Бұл күндер – дұға-тілектердің қабыл болатын сәттері. Ендеше, сауап жинауға және жоғары дәрежелерге жетуге бел байлайтындар бар ма?
Міне, Зүлхижжә айының алғашқы он күні келіп жетті. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ізгі амалдар осы он күндегідей сүйікті болатын басқа күндер жоқ», - деген. (Бұхари риуаят еткен)
Егер Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі болсын) ізгі амалдарға ынталандырған болса, онда шариғатты түсінудің мәні – қай амалдың абзал, қайсысының сауабы көбірек екенін тануда жатыр. Зер салып қарасақ, бұл күндердің ең үлкен ғибадаты – Алланы еске алу (зікір). Шын мәнінде, зікір – барлық құлшылықтардың мәні мен негізі. Ең көп сауап алатын намаз оқушылар – намаздарында Алланы ең көп еске алатындар. Ең абзал ораза тұтушылар – ораза күйі Алланы ең көп зікір ететіндер. Ең сауапты қажылар – ихрамдағы хәлдерінде Алланы көп еске алатындар. Ең қайырлы садақа берушілер – садақа берерде Алланы ең көп еске алатындар.
Хазірет Омар (Алла одан разы болсын): «Алланы еске алу барлық жақсылықтарды өзіне жинап алды», – деген. Ал Ибн Аббастан:
— «Қай амал ең абзал?» — деп сұрағанда, ол:
— «Алланы еске алу – ең абзал», — деп жауап берген.
Сол секілді Салман Фарисиден:
— «Қай амал абзал?» — деп сұрағанда, ол:
— «Құран оқымайсың ба? Онда: Алланы еске алу – ең үлкені делінген ғой», - деп жауап береді. («Анкабут» сүресі, 45-аят)
Зікір деген не?
Егер зікірдің дәрежесі осыншалық биік болса, оның шынайы мағынасы қандай? Зікір — бұл жай ғана тілмен айтылатын сөздер емес. Нағыз зікір – жүрек пен тілдің үндестігімен орындалатын Алланы еске алу. Қуанышты жан – Алланы еске алатын тілі бар, жүрегі Ұлы Раббысын ұлықтайтын жан.
Зікірдің түрлері көп. Соның бірі – Алланың әмірлері келгенде Оны еске алу, мысалы: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ», деген. («Жұма» сүресі, 9-аят)
Сол сияқты Алла тыйым салған нәрселер келгенде де зікір болады. Мысалы: «Аяттарымыз жайлы мазақ пен кекесінге толы алып-қашпа әңгіме айтып отырғандарды көрсең, олар басқа әңгімеге көшпейінше, олардан іргеңді аулақ сал. Егер шайтан саған мұны ұмыттырса, есіңе түсер-түспес ол жерден кетіп қал. Залым қауыммен бірге бір сәт те отырма», деген. («Әнғам» сүресі, 68-аят)
Сондай-ақ Алланы еске алу – күнделікті өмірдегі жағдайларда да орын алады: тамақ ішкенде, ұйқыға жатарда, оянғанда және т.б. Бұлар – күнделікті дұғалар. Оларды айту — екіжүзділердің сипатынан алыстататын қорған, өйткені Құранда: «Сондай-ақ, Алланы өте аз еске алады», деген. («Ниса» сүресі, 142-аят)
Зікір – Алланың жолымен жүру. Яғни: «Ал кімде-кім Мені еске алудан бас тартып, Кітабымнан сырт айналса, оның дүниедегі тіршілігі таршылық пен қиындыққа толы болады әрі қиямет күні оны көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға да су қараңғы соқыр күйінде келтіреміз», деген. («ТаҺа» сүресі, 124-аят)
Зікір – өмір бойы Алланың бақылауында екенімізді ұмытпау, әр ісімізде ықылас таныту. Алла Тағала айтады: «Намаз біткен соң жер бетіне тарап, Алланың кеңшілігін іздеңдер және Алланы көп еске алыңдар, бәлкім, табысқа жетерсіңдер». («Жұма» сүресі, 10-аят)
Қорытынды
Міне, осыдан кейін зікірдің ұлы мәні және оны жасаушылардың жоғары дәрежесі анық көрінеді.
Алла Тағала: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын», - дейді. Раббымыздың бізді еске алуы – қандай ұлы мәртебе!
Ақылды, діндар мұсылман әрбір игілікке үлес қосуға тырысуы керек. Себебі, Алланың саудасында ұтатын адам – қай амалдың ең тиімді, ең пайдалы екенін білетін жан. Әрбір ғибадат Алланың таңдауы мен уақыттағы ерекшелігіне байланысты әртүрлі болады. Аллаға ең сүйікті амал – пайдасы көп, жүрекпен шынайы, ата-анаға жақсылық, туыстық қатынасты сақтау секілді амалдар. Сондай-ақ, ғылым үйрену – барлық нәпіл ғибадаттардан абзал.
Ақырында, өзіме де, сіздерге де осы он күндерді жақсы амалмен өткізіп, өміріміздің әр сәтін тиімді пайдаланып қалуды еске саламын. Алла баршамызға ұзақ ғұмыр, жақсы амал, шынайы ниет пен терең түсінік нәсіп етсін!
Абдулахад СМАНОВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, PHD доктор