ДҰҒА

Басыңызға келе жатқан бәле-жаланы сіздің Алладан жасаған дұға-тілегіңіз күтіп алады әрі олар Қиямет күніне дейін бір-бірімен арпалысумен болады!
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
“Сақтық – тағдырдан қорған бола алмайды, ал дұғаның болған да, болмаған да нәрсеге септiгi тиедi. Бәле түсiп келе жатқан уақытта оны дұға күтiп алады. Сөйтiп олар Қияметке дейiн күресiп жатады”
Бұл хадистi Айша анамыздан (р.а) Имам әл-Хаким риуаят еткен.
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Сондықтан, ей, Алланың құлдары, дұға қылыңдар!» деді», – десе,
Салман (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің ﷺ:
«Жазмышты тек дұға ғана қайтарады, ғұмырды ізгілік қана ұзартады», – дегенін жеткізген.
Демек, аузынан Алласын тастамай, Жаратушысын үнемі есіне алып, өзінің Оған мұқтаж екенін сезініп, дұғада жүрген адам ештеңеден ұтылмайды, керісінше өзін күтіп тұрған кесір-кесапаттан құтылып, бәледен аулақ болады екен.
Қазақтың "дуалы ауыз адам", "аузының дуасы бар" деп кей адамдарды қадір тұтып, құрмет көрсететіні, бір бәледен аман қалса "Құдай қақты" дейтіні, міне, осыдан болса керек.