БАЛА ЖӘНЕ ДІН

21 мамыр 2025 491 0
Оқу режимі

Бұйырса оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Бала және дін туралы тақырып негізінен оқу жылының басында бір көтеріліп, сосын біртіндеп басылып қалады. Алайда бұл отбасындағы баланың діні туралы талас тоқтап қалады деген сөз емес. Елімізде түрлі отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар бар. Ата-аналардың басым бөлігі балаларының өз қалауы шеңберінде болғанын талап етеді. Мысалы, ата-анасы діндар болса баланы ерте жастан дінге баулиды. Бала қалауымен қабылдайды немесе қорыққанынан орындайды. Кейбір кезінде «дін» өтіп кеткен балалар есейе келе агностик немесе атеист болып кеткенін де көрдік. Демек баланың сүйіспеншілігі мен қалауын оятпаған нәрсе балаға құндылық болмайды.

Осы психологтардың тұжырымы бойынша 12 жасқа дейін бала ата-анасының сенімінде болады екен. Ал жасөспірімдік кезде әрбір жеткіншек өзіне жаңа сенім іздей бастайды. Бұл шамамен 18 жас деп саналады. Не ата-анасынан үйренген сенімде қалады, не болмаса өзіне жаңаша сенімдер қалыптастырады. Тіпті сенімнен мүлде бас тартуы да мүмкін. Кейбір діндар ата-аналардың балалары діннен қашу талпынысына түсетін көрінеді. Олай болатыны бала кезінен бастап көптеген тиымдар оны балалық өмірін еркін сүруге мүмкіншілік бермейді.

Еліміздің мешіттерінде «имани жаз» деген жаппай шара басталады. Менің пікірімше бала кезде көрген жақсы дүниелері ересек кезеңде сағынышпен еске алатын естеліктерге айналады. Көрген мешіті, сабақ берген ұстазы, оқыған Құраны да солай қалуы үшін балаға тықпалаудан бұрын сүйіспеншілік қалыптастыру маңызды. Діндар ата-аналардың балаларының діннен алшақ, діннен алшақ отбасылардың балаларының діндар болуы да жиі кездесетін құбылыс. Демек, болашақ ұрпағымыздың имандылығына талпыныс дұрыс шығар, бірақ түптің түбінде оларға иман беруші Жаратқан екенін естен шығармаған дұрыс. Сол үшін балаға ауыр жауапкершілік жүктеу, оның нәзік жанын өлім туралы уағыздармен жаралау діннің де, педагогиканың да тәсілі емес.

 Балалық шақтан өтіп өз билігі өзіне тие бастаған шақта достар тобы енді отбасының алдына шығып кетеді. Сондықтан балаңызды дұрыс тәрбиелегіңіз келсе, оның ортасына назар аудару керек! Пайғамбарымыз да «әтір сататын адамның қасында отырсаң үстіңе хош иіс сіңеді, ал ұстаның қасында отырсаң киіміңе шоқ түседі» дегеніндей қазақ халқы да «Досыңды айт, сенің кім екеніңді айтайын!» дейді. «Қызым жақсы болсын десең қызы жақсымен ауылдас бол, ұлым жақсы болсын десең ұлы жақсымен ауылдас бол!» деген сөзде жан бар. Ғабиден Мұстафиннің: «Ұрпағыңды дүниеге әкелген екенсің, оны баули да біл!» дейді ғой.

Сондықтан тәрбиелеу балаларға міндет жүктеу ғана емес. Тіпті діни жауапкершілікте де өзіне салмақ сала отырып өзіне шешім қабылдату оның діндарлығында салмақты рөл атқарады. Ал ата-аналардың күшімен, қорқытуымен болған діндарлықтан бала өзіне еркіндік тиген күні құтылуға тырысады. Сондықтан бала біздің қалағанымыз сияқты емес, үлгі болғанымыз сияқты өсетінін естен шығармағанымыз абзал!

 Бала-шағаларымыз аман болсын! Сіз не дейсіз?

 

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру