ӘЙ, ДӘРУІШ, ЖҮРЕГІҢДІ АЙНАДАЙ ТАЗА ҰСТА!

23 мамыр 2025 471 0
Оқу режимі

Біреудің есігінің алдына қалың тікен өсіп кетіпті. Үй егесі еріншек екен, оған мән бермеді. Тікен қаулап өсіп, таяу маңдағы жолды жауып қалыпты. Олай-бұлай өткен жүргіншінің табанына кіріп, киімін жыртып әлегін шығарыпты. Жұрт үй егесіне шағым айтып, тікен шөпті шауып тастауын, үйінің айналасын таза ұстауын талап етті. Үй егесі жұрттың сөзін тыңдамады. Қолын бір сілтеді де, жүре берді. Тікендер қаулап өсе берді.

Бұл оқиға қала әкімінің құлағына жетті. Ол үй егесін шақырып:

— Тікендерді шауып таста! деп бұйырды.

Әлгі еріншек мақұл деп уәде беріп алып, шабуға асықпады. Арада бір апта уақыт өтті, тікен күн санап өсе берді. Халық әкімге келіп тағы арыз айтты. Әкім айыпкерді қайта шақырып:

— Қарағым, сен қаласаң да, қаламасаң да мен саған сол тікенді шаптыртып, аулаңды таза ұстауға мәжбүрлей аламын. Бірақ сен ерініп, бәлки қасарысып жүргенде, ол тікеннің тамырлары күн санап жуандап, күш ала береді. Ал сен жасарып бара жатқан жоқсың. Куннен күнге қуатың кеми түседі. Оларды бұрынғыдай оңай шаба алмайсың. Қара терге түсіп, біраз күш жұмсауға мәжбүр боласың. Саған жаным ашып, тезірек шап деп жатқаным осы еді, — деді.

Әй, дәруіш! Адам жүрегі құдды бір өзінің ауласы сияқты. Аулада өсіп шыққан арамшөпті дер кезінде жұлмасаң, ол қаулап өсіп, тамыры жуандап кетеді. Тамыры жуандаса, аулаңнан сыртқа шығып, өзге адамға зиянын тигізеді. Өз аулаңның да ұсқынын кетіреді. Арам шөптің сабағы нәзік кезінде жұлып тастасаң, мұндай кесапатқа тап болмайсың. Көршіңмен де тату, жұртқа да сүйкімді боп өмір кешесің.

Әй, дәруіш, жүрегіңді айнадай таза ұста! Арам шөптің қаулап өсуіне жол берме!

Мәулана РУМИ

Иманғали Нуптеке фб парақшасынан

Пікірлер Кіру