ӘЛЕМ ТЕҢСЕЛІП ТҰР!

16 маусым 2025 159 0
Оқу режимі

Адамзат материалдық игілікке талпынған сайын қақтығыс та түрленіп барады. Осы қақтығыста қалай да өркениетаралық, конфессияаралық бөлінушіліктің де табы байқалады. Қалай болғанмен күн тәртібінде әлемдік саяси ахуалдың күрделенуі тұрғанмен еліміздің ішіндегі мәселелер де ішкі тыныштықты қамтамасыз етуде маңызды саналады. Ішкі бірегейлік пен түсіністік саяси ойындарға құрал болудың алдын алатын маңызды тетіктердің бірі. Жақында елімізде бетті тұмшалауға қатысты тиымдар туралы тақырыптар көтеріліп жатыр. Бір жағы діни ұстанымға байланысты бұл тақырыптың туындауы да діни көзқарастардың қайшылықтарынан болып отыр. Оған бір  себеп шет елдерде түрлі көзқарасқа бөлінген орталықтарда білім алу.

Осы келеңсіздіктер қалай, қашан, қайдан пайда болды деген сұрақтарды зерделеу барысында көптеген факторларды атауға болады. Халықтың кеңес тұсындағы діни сауаттылығының әлсіреуі, дінге деген шектен тыс ізгі ниет, руханиятқа шөліркеп қалған елдегі жаппай дінге бетбұрыс, жастардың жаңалыққа құштарлығы, әлеуметтік жағдай, теріс ағымдардың қатарына жастарды тартуға деген құлшынысы, жылдар бойы қалыптасқан теріс ниетті діни ұйымдардың құйтырқы саясаты т.б. көптеген жағдайлар еліміздегі дін мәселесін одан бетер ушықтыра бермек.

Осы аталған жағдаяттардың арасында дінге бет бұрған жастардың, терең ізденіске құлшынып шет ел асуы немесе шет елдердегі діни ұйымдардың қайырымдылық түрінде жастарды өз қатарына тартуының нәтижесінде көптеген азаматтар шет ел асты. Ал, олар қайта елге келген кезде басқа адам болып оралады. Қазір де күмәнді орталықтарда оқып жатқандар бар. Кейбірі саяси-діни идеолог, кейбірі имам, кейбірі осы саланың маманы, кейбірі радикал болып келеді. Ал радикалды ортада тәрбиеленген азаматтар күні бүгінге дейін өздерінің жақтастарының арасында белсенді уағыздарымен көзге түсуде. Тіпті кейбірі сол шет мемлекетте қалып Қазақстандағы ізбасарларына бағыт сілтеуде. Әркім қалаған орталығында, белгісіз оқу орындарына барып діни білім ала беретін болса радикализммен күрес тоқтамақ емес. Сондықтан келесі мәселе заңдық тұрғыдан осы бағытты реттеу.

Бұл талап, көптеген елдерде қолданыста бар. Мәселен, Тәжікстан Республикасының «Ар-ұждан және діни бірлестіктер туралы» Заңның 8-бабының 6-тармағына сәйкес діни білімді шет елдерде алу, сондай-ақ шетелдің жоғарғы оқу орындарында діни білім алу тек Тәжікстан Республикасында діни білім алған соң ғана рұқсат етіледі және дін істері және білім аясынлағы мемлекеттік уәкілетті орган тарпынан жазбаша келісім алынған соң рұқсат етіледі. Түркия және Малазия тәжірибесіне сәйкес, бұл елдердің азаматтары араб елдерінде ЖОО-ғы діни білімдерін отанында базалық ілімді алған соң жалғастыруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, Түркия мен Малазияның араб елдерінің алдыңғы қатарлы ЖОО-мен ресми діни мемарандумның арқасында, азаматтар ешбір кедергісіз бакалавр деңгейіне түсе алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің білім беру орталықтары бар, ЖОО-да осы бағытта мамандар әзірлеу жолға түсіп келеді, ҚМДБ әлемнің алдыңғы қатарлы ЖОО-мен келісім жасалған оқу орындары бар дегендей. Осыған байланысты, діни мекемелердің түлектері Қазақстандағы оқудан соң заңды негізде оқуларын жалғастыруға мүмкіндіктері бар. Осылайша, бей-берекет шет елдерде оқуға рұқсат етіп, кейбір олардың идеологиялық көзқарастарымен, экстремистік ілімдерінің зардабымен күрескенше, қазірден дін саласында білім алғысы келетін жастардың дұрыс бағытта діни білім алуына бақылау жасау мемлекетіміз үшін әлде қайда тиімді болмақ!

Кеңшілік ТЫШХАН

Пікірлер Кіру