ӘЛ-ФАРАБИДЫ ӘЛІ ТАНЫМАДЫҚ

18 мамыр 2025 476 0
Оқу режимі

Фарабиді және Ислам перипатетизмін сынаған, мутакаллим, ойшыл Ғазали болатын. ХІІ ғасырда "Таһафут ал фаласифа", яғни "Философтардың адасуы" деген трактатында, үш мәселе бойынша күпірлікпен күстаналаған.

Онда жалпы философтарға бағытталған жиырма шақты сын бар. Ол сын кейіннен Ибн Рушдтың "Таһафут ат таһафут" еңбегі арқылы түбегейлі сынға ұшырады. Мәселе, адам мен Алла қатынасы, ондағы ұғымдық, концептуалдық комментарийлер мен ұстанымдар туралы болды.

Фараби барлық рисалаларын "Бисмиллаһ" деп бастаған ойшыл. Ол діндар. Ол дегдар. Ол моралист. Ол философ. Ол мәселеге ислам әлемі деп емес, адам әлемі деп қарады. Сол арқылы ислам әлемін жаңа сатыға көтерді. Батыс, исламның өркениеттік әлемін мойындады. Исламнан үйренуге мәжбүр болды.

Фараби қазір, Батысқа Аристотель мен Платонды сүйдірген, танытқан, жаңаша ұсынып, түсіндірген ойшыл ретінде танылады. Батыс ойшылдары, бүгін Батыс өркениетінің негізінде "Аристотель мен Платон" тұжырымдары жатыр деп топшылайды. Ал исламға дейін, Фарабиге дейін олай ойлай алмады. Себебі, Батыс әлемі, Христиан теологиясы ноқталауында қалған болатын. Бұл енді ұзақ әңгіме... Мағрибте, Ибн Рушд бастаған толқыннан әсерленген, Фома Аквинскийлерден бастап Гегельге дейін Батыс ойлау жүйесіндегі сілкіністің артында осы Фараби жатқандығын айтуға болады.

Ал ислам әлемі Фараби мұраларына Ғазалиден кейін-ақ, ХІІІ ғасырдан соң қызығушылығын тоқтатқан. Содан бастап, ислам әлемі ғылымнан, эпистемиологиядан, философиядан, ғылымнан шегіне бастады. Аяғында жаппай отар елге айналды. Оны тарихтан білетін боларсыз. Сондықтан Фарабидің ислам әлемі, оның дін мен философияны, ғылым мен дінді, саясат пен дінді, мораль мен дінді, адам мен дінді, Алла мен дінді тұжырымдауынан көруге болады.

Ең басты орында адам және оның санасы тұр. Бұл ойлар Фарабидің "Китаб ал милла" яғни "Дін туралы трактатында" орын алған. Алла мына әлемді адам үшін жаратқан. Адам бірінші орында тұр. Адамға адамдығын есіне салатын, таным, түсінік, теория, шаблонға қарағанда "ұстаз адамның", "үлгі адамның" ықпалы қуатты болады. Міне осы тұжырымға сай ол Хазірет Мұхаммад пайғамбарды, адамзаттың тұңғыш ұстазы, "Раис ал аууал" ретінде түсіндіреді.

Бірақ өкінішке орай, Фарабиді сол баяғы Ғазалидің сүрлеуімен, мушрик ретінде танып, сайттарында жариялап жүрген, салафи «ахилар» біз де де жеткілікті. Қарағанды қаласында, 2016 жылы бір сайтта Фарабиді күпірлікпен күстаналапты. Оған да жауап жаздым кезінде. Сосын бір әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің философия бкалаврын, магистратурасын бітірген тағы бір "ахи" да Фарабиді сол Ғазали шаблонымен танытып, философиясыз дін жеткілікті деп жар салып жүр... Жалпы Фарабиді тануда салафи сана басты кедергі. Себебі ақыл ойды ноқталайтын салафилік платформа бізде қалыптасып үлгерді.

Бізде Алланың ақиқатын Алламен тану тәжірибесі болған. Ол Матуриди ілімінде жатыр. Кітаптарда көміліп. Неге "уахабилікті" сынай береміз?. Себебі біреу-ақ: "Уахабилік" Алла мен адам үндестігіне сына қағады. Ол деген сөз Ислам ғылым жіктемесіндегі «нақыл мен ақыл» тұтастығына сына қағады деген сөз...

Кеше позитивистік тенденция ғылымның тек қана «білу» қырын ғана негізге алды, ал оның сезіну қырын елемеді, не көргісі келмеді. Бүгін ғылыми шығармашылықтың қолданбалы қыры, практикалық мәні оның танымдық салмағы туралы әңгіме қозғала бастады. Ғылымды адам кім үшін не үшін жасайды деген сұраққа әлем бүгін қайтадан орала бастады. Ал бұл ақиқатты түркі-ислам философиясы тарихында осыдан 10 ғасыр бұрын Иасауи өзінің «хәл ілімі» арқылы жауап беріп қойған еді. Ғылымның психологиялық гносеологиялық ықпалы ең басты шарт болды. Сезіну сатысы.

Ендігі жерде болу мен көріну, білу мен сезіну тұтастыққа ұмтылмаса, мына қоғамдық толқындарды ұстап тұру мүмкін болмайды. Бұл да ислам дінінің рухындағы ең басты ұстаным. Демек адамға қайта оралу мәселесі антропологиялық тұрғыдан өзінің өзектілігін сезіндіре бастады...

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

“Зайырлы ел - қайырлы ел” кітабынан үзінді…

 

Пікірлер Кіру