АДАМ ӨЗ ӘЛСІЗДІГІН МОЙЫНДАҒАНДА...

Адам әуелі өзінің әлсіз пенде екенін мойындауы керек. Мойындау – өзіңнің шынайы болмысыңды қабылдау. Қабылдау бар жерде шынайылық бар, жеңілдік бар. Сондай-ақ, әлсіздігін мойындаған адам басқа адамдардың да қате жасауға хақысы бар екендігін түсінгендіктен кешірімшіл келеді.
Кітаптың бұл тақырыбын Ыстамбұлда сапарда жүріп жаздым. Жанымда Санат деген туған інім бар.
Ыстанбұлдағы жұмысымызды бітіріп, әуежайға келген бетіміз. Жүкті реттеп жатып, ноутбугымды сөмкемнен таппадым. Қонақүйде қалып қалыпты. Мен бір шаруаларға айналғанда,тіс паста, щеткама дейін қалдырмай чемоданыма салып, жүгімді реттеген Санат інім болатын. Ноутбугымды ұмытып салмағаны үшін ағалық назбен Санатқа бірдеңке деп ренжи бастағаным сол еді, күні кеше ғана өзім жіберген қателік есіме сап ете түсе қалды да кілт тоқтадым.
Оқиға былай болған еді. Үш күн бұрын Ыстамбұлға жетіп, әуежайда жүк күтіп отырған жерімде бар ақшам салынған шағын қол сөмкемді ұмытып кетіп, қара басқанмын. Сөмкенің қалып қойғанын қаланың қақ ортасында бір жерге аялдағанда ғана байқап, әуежайға қайта баруға тура келді. Қаланың кептелісімен әупірімдеп әрең дегенде әуежайға жетіп, сөмкені тапқанша бірнеше сағатымыз босқа кетіп, сілікпеміз шығып әбден шаршаған болатынбыз. Осыншама әуреге салсам да Санат інім “сөмкеңіз табылады, әуежайда ешбір зат жоғалмайды. Жан-жақтың бәрі камера” деп кеше көңілімді аулап, мені жұбатып еді, енді жіберіп қойған қателігі үшін менің оған ренжиін деп тұрғаным қалай?
Сонда маған қателік жасауға болады да, басқалардың қателесуге қақысы жоқ па?? Бірден тәубеме келдім.
Ыстанбұл әуежайы өте үлкен. Біраз жүріп ұшағымыз ұшатын есікке келіп, бос орындыққа жайғастым. Әлі қалың ой үстінде отырмын. Естеліктер мені талай жыл бұрынғы тағы бір оқиғаға жетектеп апарды.
Бірде отбасымызбен Алматыдан Астанаға қыдырып келгенбіз. Ұшақ билеттерін мен алғанмын. Қайтатын күні 22:30 әуежайға келіп, жүгімізді тапсырғалы жатыр едік, сондағы қызметші қыз “сіздердің ұшақ ұшып кеткеніне жарты сағат болды” демесі бар ма? Мен қалайша, ұшу уақыты 23:30 емес пе? дедім таңғалған бойда. Міне деп телефоннан билетімді көрсетіп жатырмын. Билетке үңілген қызметші қыз 23:30 ұшу уақыты емес, Алматыға жету уақыты ғой деп түсіндірді. Сөйтсем мен бұрынырақта бір жерден естіген Алматыдан Астанаға соңғы рейс 23:30 деген ақпарат миымда тұрғандықтан, соны іздеп билетке үңілгенмін ғой. 23:30 дегенді көзім шалғаннан кейін билетке анықтап қарамаған екенмін.
Амал жоқ, билеттің бәрі күйді. Ертесіне қайтадан қымбат билет алуға тұра келді. Әйелім мен балалар мені жұбатқан болды. Ал мен ішімнен “егер басқа біреу осылай қателік жасаса, мен кем дегенде көзіңді ашып, дұрыстап қарамайсың ба дегендей сөздермен көңілдеріне қояу салар едім ғой“ дедім күбірлеп.
Иә, адам өз әлсіздігін мойындағанда басқаларға да түсінікпен қарап, кешірімді болуды үйренеді.